Ашық үндеу
2026 жылғы 23 қыркүйек
Алматы қаласы

Қазақстан Республикасының Президенті

Қ. К. Тоқаевқа


Кімнен: Қазақстан Кинематографистер одағы,

Кинематографиялық өнер және ғылым академиясы,

Қазақстан Кинематографистер лигасы



Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!


Біз, Қазақстанның кәсіби кинематографистерінің қоғамдық бірлестіктері, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы аумағының 5,5 гектарын саябақ аймағын құру үшін Алматы қаласының әкімдігіне беру туралы шешімге байланысты Өзіңізге хат жолдап отырмыз.

Көрікті қаламыздың жанашыр тұрғындары ретінде біз мегаполисті көгалдандыруға және жаңа әрі жайлы қоғамдық кеңістіктер құруға бағытталған биліктің бастамаларын толығымен қолдаймыз. Қаланың экологиясы мен алматылықтардың әл-ауқаты – баршамыз үшін ортақ мәселе. Алайда ұлттық киностудияның тарихи маңызды территориясын бөліп беру процесінің кәсіби қауымдастықпен ашық диалогсыз жүргізілуі кинематографистер арасында үлкен алаңдаушылық туғызып отыр.

«Қазақфильм» территориясы жай ғана жер телімі емес. Бұл – 1960-шы жылдары Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Шәкен Кенжетайұлы Айманов сияқты ұлы тұлғаларымыздың киноөндірістің келешектегі көкжиегін кеңейту мақсатында стратегиялық тұрғыдан іргесін қалаған отандық мәдениеттің алтын діңгегі. Бұл жер болашақта ауқымды декорациялар, жаңа түсірілім павильондары, цехтар мен технологиялық кешендер салу үшін арнайы сақталған болатын. Ал бұл өз кезегінде Қазақстан киноөндірісіне Орталық Азиядағы жетекші кинематографиялық держава мәртебесін талай жылдар бойын сақтап қалуына мүмкіндік берер еді.

Алматы – елімізге танымал талантты әрі белсенді кинематографистердің негізгі дені шоғырланған шаһар. Сондықтан ұлттық киностудияның материалдық-техникалық базасын дамыту қажеттіліктері ескерілмей, оның аумағының елеулі бөлігін мүлдем басқа мақсатқа беру ұлттық киноөндірістің болашақ даму әлеуетіне қауіп төндірмек. Біз саябақтың салынуына қарсы емеспіз. Алайда киностудия аумағын пайдалануға қатысты барлық шешімдерді Қазақстанның кино өндірісінің қажеттіліктері мен саланың даму перспективаларын ескере отырып, кәсіби қауымдастықпен бірлесе талқылауды ұсынамыз.
.
Осыған байланысты Сізден:

  • толыққанды қоғамдық тыңдаулар өткізілгенге дейін киностудия аумағын игеру үдерісін тоқтата тұруды;
  • киноиндустрия өкілдерінің, урбанистердің, экологтардың және Алматы тұрғындарының міндетті қатысуымен жобаның ашық талқылауын ұйымдастыруды;
  • аталған аумақты «Қазақфильмнің» өз экожүйесінде сақтай отырып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін рекреациялық саябақ аймағын ұйымдастырып, сонымен қатар ұлттық киноөндірістің түрлі іс-шараларын өткізуге және кино өнерін насихаттауға қызмет ететін мәдени кеңістік құру мақсатында өзара тиімді жолдарын қарастыру.

Қазақ кинематографиясының алтын дәуірінің тарихы мен рухын сақтап тұрған бұл аумақтың тағдыры ашық әрі айқын түрде және киностудияның іргетасын қалаған ұлы тұлғалардың асыл мұратына деген құрметпен шешілуі тиіс.

Осы мәселенің оң шешім табуына Сіздің қолдауыңыз бен парасатты шешіміңіз ықпал етеді деп сенеміз.

Құрметпен,

Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы


Кинематографиялық өнер және ғылым академиясының президенті


Қазақстан Кинематографистер лигасының төрағасы

А. Абелдинов



Р. Нұғыманов



А. Баталов

БІЗДІҢ КИНО ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?
Қазақстандық киноиндустрияның мәселелері мен оларды шешу жолдары: «Ұлттық киноакадемия» ҚБ-ның кеңейтілген жиналысы, оған кәсіптік одақтар, қауымдастықтар мен гильдиялар, студиялар мен қорлар, таратушылар мен кино желілері, мүдделі ведомстволар мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиналыс қорытындысы бойынша ҚР Президенті Әкімшілігіне, Мемлекеттік хатшыға, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына және басқа да мүдделі ведомстволар мен ұйымдарға ұсыныстар жинау, жүйелеу және жіберу үшін бастамашыл топ құрылды.
ШЕШІМ ЖОЛДАРЫ
Қазақстан кинематографиясындағы жүйелі дағдарыс: Қазақстан кинематографистер одағы мен Ұлттық кинематографиялық өнер және ғылым академиясының кеңейтілген жиналысы. Бастамашыл топ 2022 жылғы қазанда «Кинематография туралы» ҚР Заңына ҚР Мәжілісі қабылдаған түзетулер мен толықтыруларды ескере отырып, Қазақстан кинематографиясын дамытудың пысықталған тұжырымдамасын ұсынды. Жиналыс қорытындысы бойынша кинематографиялық жұртшылықтың Қазақстан Республикасының Президентіне жүйелі дағдарыстан шығу бойынша бірқатар нақты ұсыныстармен бірлескен үндеуі қабылданды.

«Ұлттық кинематографиялық өнер және ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігі және «Қазақстан Кинематографистер Одағы» қоғамдық ұйымының Қазақстан Республикасының «Кинематография туралы» Заңына прокаттық куәлік беру тәртібіне қатысты түзетулер бойынша

Ұстанымы

Қазіргі таңда қолданылып жүрген прокаттық куәлікті беру туралы хабарлама тәртібі Қазақстан Республикасындағы кинематография саласындағы демократиялық қоғам дамуының елеулі жетістіктерінің бірі болып табылады. Бүгінгі Қазақстандағы кинофильмге прокаттық куәлік беру тәртібі – посткеңестік кеңістіктегі ең озық тәжірибе және бұл жүйе Франция, Швейцария, Канада және АҚШ-тың бірқатар штаттарында қолданылып жүрген ережелерге сәйкес келеді.

Әрине, мемлекет пен қоғам арасындағы кез келген өзара іс-қимыл рәсімі секілді, прокаттық куәлік беру тәртібін де заман талабына сәйкес үнемі бейімдеп, жаңарту қажет.

Прокаттық куәлік беру кезінде хабарлама тәртібін асыра пайдалану фактілері аз тіркелсе де (2025 жылдың алғашқы бес айында кинотеатрлық прокатқа шыққан 186 фильмде 2 бұзушылық тіркелген), бұл жағдай қоғамда, Мемлекет басшысы, Мәжіліс депутаттары және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі басшылығы тарапынан алаңдаушылық туғызуда.

Ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, егер фильмнің аннотациясынан оның жас ерекшелігі категориясы мен ҚР Заңының 7-бабы 6-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген көріністердің бар-жоғы анықталмаса ғана, уәкілетті орган прокаттық нұсқасын алдын ала көру үшін сұратуға құқылы. Бұл ұсынысты біз кеңірек талқылау қажет деп есептейміз.

Сонымен қатар, өтінішті қарау мерзімін қазіргі 7 жұмыс күнінен 30 жұмыс күніне дейін ұзарту және фильмдерді алдын ала көру үшін сараптамалық комиссия құру туралы ұсыныстар – прокаттық куәлік беру тәртібін едәуір қиындатады. Бұл, біріншіден, республикалық бюджетке қосымша шығын әкеледі, екіншіден, мемлекеттің цензура құралдарын енгізу қаупін тудырады.

Мұндай өзгерістер, ең кемі, өтінішті қарау мерзімінің әжептәуір ұзаруына әкеп соғады.

30 жұмыс күні – бұл іс жүзінде 1,5 айлық күнтізбелік мерзім. Фильмнің құқық иесі кинотеатрда прокатқа шығар алдында жарнама жұмыстарын – постер, трейлер, афиша және жас шектеу көрсетілген материалдарды шығаруды, таратуды ерте бастайды. Сонда бұл құқық иесіне прокаттық нұсқаны 3–4 ай бұрын толық дайындап, сараптамаға ұсынуы керек дегенді білдіреді. Ал қазіргі киноөндіріс жағдайында бұл өте қиын.

Прокаттық нұсқаны сараптамалық комиссияға алдын ала ұсыну бірнеше сұрақ туғызады: Материалдардың сақталуы қалай қамтамасыз етіледі? Комиссия мүшелері фильмді қай жерде көреді? Олар Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы жабдықталған кинозалында ма, әлде DCP (Digital Cinema Package) форматындағы 300–400 ГБ көлеміндегі файлдарды жеке-жеке ала ма?

Бұл – техникалық тұрғыда қиын мәселе. Министрлік фильмдердің тек 25% алдын ала көру көшірмесін сұрады деп есептесек те, қазіргі прокат ауқымында әр сарапшы ай сайын кемінде 10 фильм көруі қажет болады. Мұндай жүктеме – қоғамдық негізде жұмыс істейтін, өз кәсіби қызметтерімен айналысып жүрген тұлғалар үшін орындалуы екіталай мәселе.

Оған қоса DCP форматындағы көлемі аса үлкен прокаттық көшірмелерді сараптаушы комиссия мүшелерінің барлығына жеткізу логистикалық және құқықтық жағынан алғанда тіпті мүмкін емес десе де болады. Бұл дегеніміз, комиссия мүшелері арнайы орталықтандырылған кинозалда ғана көре алад деген сөз. Ал бұл өз кезегінде, сараптаушы комиссия мүшелері тек Астана қаласынан таңдалуын талап етеді.

Айта кететін тағы бір жайт, кинотеатрларда прокатқа шығатын фильмдерге прокаттық куәлік беру тәртібін қиындату – бұл фильмдердің басқа жолдармен (мысалы, интернет арқылы) таралуына әкеліп соғады. Сондықтан 7-баптың 6-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген көріністердің таралуына жол берілмеуі екіталай деп есептейміз.

Сондықтан, біз, төмендегідей балама ұсыныстарды назарға алуды сұраймыз:

  1. Прокаттық куәлік алуға өтініш берген кезде фильмнің жас ерекшелігіне сәйкестігі және заңда тыйым салынған көріністердің жоқтығы туралы құқық иесінің растауын электрондық-сандық қолтаңба арқылы рәсімдеу тетігін енгізу;
  2. Өтінішпен бірге фильм мазмұнына сай келетін кеңейтілген аннотацияны міндетті түрде тапсыру (Мәдениет министрлігі қызметкерлерінің интернет арқылы фильм мазмұнын іздемеуі үшін);
  3. Қолданыстағы заңнамада ондай норма болмаған жағдайда – фильм мазмұны туралы жалған ақпарат беруге және тыйым салынған көріністерді жасыруға қатысты әкімшілік, ал аса ауыр жағдайда қылмыстық жауапкершілікті енгізу. Бұл арқылы өтініш заңды мәні бар құжатқа – құқық иесінің фильмі туралы заң талаптарына сай декларациясына айналады (салық төлеушінің кіріс декларациясы секілді).

Қорыта айтқанда, егер Мәдениет және ақпарат министрлігі өтініштегі ақпарат пен фильм мазмұны арасында сәйкессіздік бар деп күмәнданса, қолданыстағы заң аясында да фильмнің аннотациясын, диалогтар парағын, жарнамалық материалдарын немесе фильмнің көруге арналған нұсқасын сұратуға толық құқылы. Қажет жағдайда бұл мәселені сот органдары шешуі мүмкін.

Біз, Киноакадемия мен Кинематографистер одағының мүшелері, Мемлекет басшысы мен Парламент депутаттарының прокаттық куәлік беру тәртібін жетілдіруге бағытталған бастамаларын толық қолдай отырып, Қазақстан Республикасындағы аталған тәртіпке негіз болған мемлекет пен қоғам арасындағы сенімге құрылған демократиялық қағидаттарды сақтап қалуға шақырамыз.

Р. Нұғыманов

«Ұлттық кинематографиялық өнері мен ғылым академиясы» ҚБ президенті


А. Әбелдинов

«Қазақстан кинематографистер одағы»

ҚҰ басқарма төрағасы



2025 жылғы 24 маусым